«ӨНЕРГЕ ТАМШЫДАЙ БОЛСА ДА, ҮЛЕСІМДІ ҚОСҚАНЫМА МАҚТАНАМЫН»

размер шрифта: Aa | Aa
ДЕЙДІ КЕСТЕШі Зейнелхан МҰхАМЕДЖАНҰЛЫ

Халықаралық өнер фестивалдерінің лауреаты, кестеші – Зейнелхан Мұхамеджанұлы 20 жылдан астам уақыттан бері қазақтың көне қолөнері-кесте өнерін дамытып келе жатқан шебер. Оның қолынан шыққан ұлттық өнерді дәріптейтін жұмыстар Париж, Швеция, Брюссель сияқты еуропа елдерінде және алыс-жақын шетелдерде жоғары бағаланған. «Өнерім-өмірім» деген қағиданы ұстанған шебер, қолөнер жұмысының қыр-сырын арнайы білім алғаннан соң үйрене бастаған.

– Мен 1978 жылы Улан-Батырдағы көркемсурет училищесін аяқтаған соң, творчествалық жұмысымда жаңаша ізденісім болсын деп осы кесте тігуді қолға алдым,- деп бастады әңгімесін Зейнелхан Мұхамеджанұлы. – Бұрын әжелеріміз бен апаларымыз айналысқан бұл өнер 70 жылдары жоғалып кеткен еді, содан маған тігуді үйренуге тура келді. Әрине, ер адамға қолына ине ұстап, іс тігу оңай емес, бұған көп еңбек сіңірген жұбайым болды. Біздер жақта, Монғолияда қыздар кәмелетке толғанша өздерінің жасауларын өздері дайындайтын салт бар. Соның пайдасы шығар, мен де алысқа ұзамай осы кесте тігу өнерін келіншегімнің көмегімен меңгеріп шықтым. Алғашқы жұмысым-натюморт болды. Әр түрлі ұлттық оюлармен әсемдеп сап-таяқты жасап шығардым. Содан кейін-ақ менің кесте өнеріндегі табысым басталған еді.

Қолөнердің қиын да қызықты жұмысына тәуекел еткен Зейнелхан Мұхамеджанұлының тырнақалды туындысы – 1986 жылы Монғолияда өткен жас суретшілердің байқауында жүлде алады. Бұрын қазақтың ою-өрнегін ғана кестелеп, әшекейлеудің сан түрін қолданған халқымыздың көне дәстүрі, енді Зейнелхан сияқты кестешінің ерен еңбегінің арқасында жаңаша формаға ие болды. Осыдан кейін шеберлік шыңына сәтті қадам жасай бастаған кестеші «Дала әуені», «Серуен», «Тұлпар», «Ар-бакеш» сияқты көптеген қазақтың кең даласына арналған тақырыптармен жұмыс істеп келеді.

«Жалпы, кесте деген – өте ерке, нәзік дүние, оның орындалу техникасы музыка сияқты, адамның ерекше ықыласпен келуін талап етеді» дейді Зейнелхан. – Мәселен, музыканттар бірнеше күн музыка аспабымен ой-намай қол үзіп алса, қолы тосырқап, аспапты еркін меңгеріп кетуі қиынға соғады. Сол секілді менің осы кестемен машықтанғаннан бері байқағаным, оған ерекше құрметпен қарау керек екен. Қазір жасап жатқан жұмыстарымның көлемі өте үлкен емес, пішіні 70х70, одан да кішірек 25х25 болатын кестелер бар. Мемлекеттік тапсырыстар түскенде сувинер ретінде бір тақырыпты бірнеше қайталап жасап жатамыз. Енді бір үлкен мақсатым – көлемі үлкенірек 1,5-2 метр болатын кестелерді бастамақ ойдамын. Таяуда Қазақстан Суретшілер одағының қолдауымен өзімнің жеке шеберханамды ашуға мүмкіндік алдым. Көпшілік арасында «жақсы жұмыстар үлкен болады» деген түсінік қалыптасқан, сондықтан алдағы уақытта монументалды жұмыстарды қолға алмақпын.

Тынымсыз еңбекті талап ететін кесте өнері – Зейнелхан Мұхамеджаұлын нағыз рахатқа бөлейтін қол еңбегі. Күніне 4-6 сағатқа дейін осы өнермен шұғылданатын ол, қиындықсыз ештеңе келмейтінін айтады. Нағыз еңбектің бейнетін ғана емес, зейнетін көрген шебер кестешінің жұмыстары Президенттің «Ақ ордасында», Ә.Қастеевтің өнер мұражайында, жеке коллекционер мен 2003-2005 жылдарды қамтыған Қазақстанның «Рекордтар» кітабына енген. Өнер сүйер қауымға аты танымал Зейнелхан Мұхамеджанұлы Қазақстанда 1997­2005 жылдар аралығында өзінің 10 шақты жеке көрмесін ұйымдастырған. Ал оның Мәскеуде бей-нелеу өнерінен одақ көлемінде өткен алғашқы көрмесінде кестешінің жұмыстары станокпен жасалған фабрика өнімі деп бағаланған.

– Бұл көрмеге 10 шақты туынды апарған едім,- деп еске алады шебер.

-Кестені тамашалап, қызықтағандар қатары көп болды. Сапасы мен өрнектің өңіне қарап, қолдан жасалған жұмыс емес дегені, мені біраз ренжітті. Тіпті, қалай дәлелдеуге болады деп қысылғаным да рас. Бірақ, оған бейнелеу өнерінде жүрген біраз әріптестерім: «сенің жұмысыңды фабрика өнімі деп бағалағанының өзі, еңбегіңнің жоғары деңгейде екенін көрсетіп тұрған жоқ па, соған қуан» деп жұбатқан еді. Сол жолғы табыс – із-денісіме құлшыныс қосып, өзім қалаған кәсібімді жетілдіруге ынталандыра түсті. Халықаралық өнер фестивалдеріне қатысып лаурет атандық. Парижде, ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен Орта Азия елдері арасында өткен фестивалға, Елбасымыздың Қытайға барған сапарында көрмелеріміз сырт елдерге барып жатыр, соған қуанамыз.

Кесте тігуді киелі өнер деп есептейтін Зейнелхан Мұхамеджанұлы, басында бұл өнерді тек қызық үшін бастаған екен. Кейін айтарлықтай нәтижеге жеткен соң, ұлттық өнерімізді қайта жаңғыртып, өзіндік ерекшеліктермен халқына қайта қауыштырғанын бақыт санайды. Ақиық ақын Мұқағали айтқандай: «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып» жұртына қайтарған қолөнер шебері, Монғолиядан 1992 жылы атамекенге көшіп келген. Өмірлік жары – гүлжай Құсманқызы екеуі, 5 баласынан 2 немере, бір жиен сүйіп отырған ол, халық мұрасы – кесте өнерін терең дамыту үшін бейнелеу өнерінен дәріс беріп жүр.

– Алматыдағы, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Дәстүрлі өнер және мәдениет» бөлімінде сабақ берем,- деп сабақтады әңгімесін Зейнелхан Мұхамеджанұлы. – Былтыр гобеленде оқып жатқан 15 шәкіртті кесте өнеріне баулу үшін арнайы өз тәрбиеме алған болатынмын. Қазір нәтижесі жаман емес, қиын да болса бұл өнерге қызығып, ынта білдіріп жатқан студенттер бар. Аптасына осы бейнелеу өнері бойынша 5 рет дәріс өткізем. Бұрын кесте дегенде, қарапайым халықтың көз алдына ою-өрнек елестейтін. Ал өнерде жүргендер көне кесте туралы олай ойла-майды, керісінше осы өнерден жаңалық, жаңаша бір құбылыс іздейді. Қазір кенже қызым осы оқу орнында білім алып жатыр. Қолы бос кезінде маған көмектеседі. Жас болған соң өндіріп тігеді. Менің бір апта бойы аяқтай алмаған жұмысымды, қызым бар болғаны 2-3 күнде бітіреді. Сондықтан бұл өнерді жастарға үйретудің маңызы зор деп ойлаймын.

Құмырсқаның жүрісіндей иректелген әсем кесте бар болғаны қармақ бізбен және жібек жіппен тігіледі. Біртұтас ағашқа мата керіліп, әр түрлі әсем жіптермен оюлары тегіс көмкерілетін бұл өнер өте шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Әуелде, осы жұмысты бастағанда жақсы жіпті қолданбай, күн көріс үшін мақта және синтетикалық қоспасы бар арзан жіптерді пайдаланған Зейнелхан Мұхамеджанұлы, қазір тек сапасы жоғары, құны қымбат, өңі әдемі жібек жіптерді қолданатынын айтады. Бірақ, бағалау жағынан әлі де біздің тәжірибеміз аздау деп ағынан жарылған ол: «шетелге барғанда қолдан жасалған дүниелерімізге қандай баға қоярымызды білмедік» дейді. Қазір шебер кестешінің еңбектерін Қазақстандық өнер сүйер жұртшылық көп алады. Тіпті шетелге кеткен жерлестеріміз де осы ұлттық өнерден ескерткіш болсын деп арнайы іздеп келеді екен.

Жылына 10-15 кестеленген дүниесін жасап үлгеретін Зейнелхан Мұхамеджан, кейде ішкі дүниесін жарып шыққан құнды туындылары амалдың жоқтығынан сатылып кететінін айтады. Дегенмен, күнтізбеге, кітаптар мен дискілерге енген қазақтың ұлттық қолөнері көпшілікке көрсететін өнер болып қалғаны кестешінің көңіліне медеу.

Гүлжайнар Қайымқызы

Алматы қаласы

PDFПечатьE-mail