МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢАРТУДЫ ҮДЕТУ – ЖАҢА ҮКІМЕТТІҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ

размер шрифта: Aa | Aa

Руслан ЖАНҒАЗЫ, саясаттанушы

Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Қазақстанның халықаралық бәсекелестікке қабілеттігін арттыру стратегиясы еліміздің одан әрі даму бағыт-
бағдарларын айқындап берген сыңайлы. Алайда жуырда болған еліміздің жоғары саяси басшылығындағы ауыс-түйістер сарапшылар тарапынан кеңінен талқыланып, алуан түрлі бағаға ие болды.

Әрине ел Үкіметі, Президент Әкімшілігі және Парламент Сенатындағы жаңа тағайындаулар әрбір тұлғаның жеке қасиеттерін ескере, сонымен бірге Қазақстан таңдап алған даму басымдықтарына сәйкес іске асты. Ең маңыздысы, билік басындағыларды түбегейлі жаңарту емес, күштерді қайта топтастыру деп бағалаған дұрыс. Осының нәтижесінде Үкіметтегі сабақтастық қағидасы сақталынды. Бұл елімізде орын алған қоғамдық-саяси тұрақтылықтың тағы бір айғағы іспеттес. Доғарысқа кеткен Үкіметтің атқарған шаралары аз болған жоқ. Мәселен, темір жол, электр қуатын өндіру, байланыс салаларының біршама ырықтандырылуы іске асып, бәсекелестік орта қалыптасып жатыр. Яғни, өнідірістік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы Үкіметтің қадамдары құтты болды деп айтуға толық негіз бар.

Мемлекетіміздің стратегиялық қорлары саналатын мұнай мен газ салаларында қызмет жасайтын ұлттық компанияларымыздың позициялары күшейтілді. Арасынша стратегиялық маңыздылығы бар ұлттық компаниялар «Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі «Самұрық» Қазақстандық холдингіге» біріктірілді. Ал мемлекеттің экономикалық өсімін қамтамасыз етуіне оңтайлы жағдай қалыптастыру және индустриалдық-инновациялық салада мемлекеттің басқару жүйесін жетілдіру үшін «Қазына» орнықты даму қоры» құрылған болатын. Президенттің кезекті Парламент сессиясын ашу кезінде жүктеген тапсырмаларына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласында «ҚазАгро» ұлттық холдінгі» өз қызметін бастап кетті.
Мәдениет пен өнер салаларына мемлекеттің қолдауын пәрменді күшейтуді көздейтін біраз заң жобалары қабылданды. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге және одан әрі дамытуға арналған қаржы көлемі едәуір ұлғайтылды. Бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді реттеуге бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Сонымен қатар, атқарушы биліктің толығымен іске асырмаған, не кешеуілдеп қалған жұмыстары да болғанын мойындау керек. Соның ішінде, отандық агроөнеркәсіп саласын көтеру, тұрғын үй құрылысын жан-жақты дамыту, инфляция деңгейінің күрт өсуі секілді келеңсіз құбылыстардың белең алғаны рас. Тұтастай алғанда, ескі Үкіметтің елімізді тұрлаулы өрлеу даңғылына түсіретін біраз міндеттер атқарғанын нық сеніммен айтуға болады. Алайда қазіргі таңда саннан сапаға көшетін уақыт жетті.
Ел Үкіметінің жаңа басшысы алдында кезек күттірмес бірқатар ауқымды шаралар тұр. Жаңа Үкіметке үміт артқан Елбасы әлеуметтік-экономикалық салада басты кемшін тұстарды атап өтіп, осы олқылықтардың орнын толтыруға нақты міндеттер жүктеді. Солардың арасында әкімшілік реформалардың үдемелі дамытудың қажеттігі жайлы шегелеп айтты. Кейін бұл басымдық Президенттің «Мемле-кеттік басқару жүйесін жаңарту шаралары туралы» Жарлығында көрініс тапты. Міне, осы тектес ауқымды әрі кешенді іс-шаралардың басы-қасында міндетті түрде үйлестіруші мемлекеттік билік органы болуы шарт. Осыған орай мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру үшін Қазақстан республи-касы Премьер-Министрінің басшылығымен әкімшілік реформалар жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған болатын.
Қазіргі таңда оның алдында Президент жүктеген бірқатар міндеттер шешімін күтіп тұр:
1. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын бекітіп алу.
2. Мемлекеттік аппарат қызметінің кәсіпқойлығын, тиімділігін және оның үйлесімділігін мейлінше арттыру.
3. Мемлекеттік басқару процестері мен рәсімдерін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсетуді сапалы түрде жетілдіру.
Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесінің әрбір деңгейінің өзіне тән басқарудың мақсаттары және міндеттері болатыны баршаға аян. Қазақстан егемендігін жариялағалы мемле-кеттік аппаратты жаңарту саласында ұдайы реформалар жүзеге асыруда. Өйткені, еліміз КСРО-дан басқару органдарының бір-бірінің қызметін қайталау, басқару деңгейлері ара-сында жауапкершіліктің анық межеленудің болмауы сияқты бұрынғы жүйенің жағымсыз жақтарын мұраланды.
Осы мәселелерді тиімді шешу үшін еліміздің басқару жүйесінде айтарлықтай істер тынды-рылуы тиіс екендігі даусыз. Мәселен, кезең-кезеңімен орталықсыздандыру, басқару деңгейлерінің функцияларын қатаң анықтау, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту жөніндегі жұмыстарды атқару өзектілігі күннен күнге артуда.
Жергілікті өзін-өзі басқару жайлы сөз қозғасақ, мұнда, ең бастысы, жергілікті орындарда атқарушы мен уәкілетті билік тежемелік пен тепе-теңдік жүйесін орнату көзделуде. Жергілікті өзін өзі басқарудың органдарының функциялары мен уәкілеттіктерін, ішкі құрылымын, қаржыландыру көздері және қорғану тетіктерін ойластыру керек. Сонымен қатар, облыс әкімдерін сайлау кезінде аса мұқияттылық пен сарабдалдық танытқан абзал. Әлемдік тәжірибеде бұл жүйеден бас тарту жәйттері де жоқ емес. Мәселен, ұзақ уақыт бойы демократиялық дәстүрлерді қалыптастырған Ұлыбритания, Дания және Бельгия секілі елдерде қайта орталықтандыру үрдістері байқалды. Сондықтан да, алғашында қала мен аудан деңгейіндегі әкімдердің сайлау нәтижелерін, әлеуметтік-саяси салдарын ес-кере, қорытындылау қажеттігі туындап отыр. Қазіргі таңда елімізде іске асырылып жатқан әкімшілік реформалардың алдында бірсыпыра міндеттер тұр – мемлекеттік аппараттың көлемін оңтайландырумен бірге оның тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттырумен қатар олардың әлеуметтік беделін көтеру. Жалпы алғанда, әкімшілік реформалардың жаңа кезеңі төмендегідей бағыттарда дамыту қажеттігі анық.
Біріншіден, мемлекеттік қызмет институтын одан әрі жетілдіру. Мемлекеттік қызмет ин-ститутын – саяси, әкімшілік және азаматтық қызмет деп ажыратқан дұрыс. Сот және әскери қызметкерлерінің жұмысындағы ере-кшеліктерін ескеретін дербес классификациясы болу керек.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік Басқару Акаде-миясы негізінде ұлттық менеджерлер даярлайтын жаңа тұрпаттағы білім ордасын қалыптастыру керек. Соған сәйкес, мем-лекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен кәсіпқойлығын үнемі арттыру мәселесі шешілмек. Мұнда ынталандыру тетіктерін қолданған тиімдірек деп есептейміз. Еңбекақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру әрбір мемлекеттік қызметші жұмысының тиімділігін арттырумен байланысты болады.
Нәтижесінде шағын ғана мемлекеттік басқару органдарын қалыптастыру, олардың жұмысының тиімділігін арттыру, мемлекеттік қызметтің мәртебесін одан әрі нығайту және мемлекеттік органдарда жұмыс істеу үшін жоғары кәсіби кадрларды тарту мүмкін болады.
Екіншіден, сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелендіру. ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің ішінде құрылған Тәртіптік комиссия жұмысының тиімділігін одан әрі арттыру. Қазір оның құзырына С-1 деңгейіндегі лауазымды әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерге дейінгі тәртіптік істері жатады. Бұл комиссияның құзырын В-1 деңгейіндегі лауазымды әкімшілік мем-лекеттік қызметкерлерге дейін көбейтіп, оның құрамына тәуелсіз қоғамдық бақылаушыларды кеңінен тарту қажет. Тек қана азаматтық қоғам институттарымен иық тіресе жұмыс істеудің арқасында мемлекеттік аппараттағы сыбайлас жемқорлықпен күресті тиімді әрі жүйелі негізде жүргізуге болады. Оның үстіне, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын жүйелі негізде көтеру және жалақының мөлшерін ақтық нәтижеге бағыттау жүйесі әзірленуде. Сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы заңнаманы күшейту, мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі мен этикасын арттыру жөнінде шаралар қатар іске асып жатыр.

Осылайша, сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, оны тудырушы факторлармен күресжанданыру қажет деп ойлаймыз. Олардың ішінде – кейбір заң нормаларының қарама-қайшы келетін не бұлыңғыр тұстары, әкімшілік рәсімдердің (мемлекеттік қызмет көрсету) қиындығы, жалақы мен әлеуметтік қорғау деңгейінің төмендігі, дұрыс азаматтық бақылау жүйесінің жоқтығы, жемқорлықпен күрестегі ақпараттық-талдау жұмыстарының жеткіліксіздігін атап өткен жөн.
Үшіншіден, мемлекеттік аппараттың құрылымын оңтайландыру. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау кезінде, ең бастысы, қызметкердің құзыры мен оған қойылатын міндеттерді тиімді орындау арасында оңтайлы тепе-теңдік орнауы тиіс.
Мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдар классификациясына құрылымдық сыни талдау жүргізу арқылы, ол қайта қаралып, керек емес артық лауазымдар, қосалқы және тиімсіз буындар жойылуы керек.
Ел Үкіметі толықтай стратегиялық басқару, жалпы реттеу функцияларын іске асыру мен заң жобаларын әзірлеу жұмыстарына ден қоюы тиіс. Оның құрылымы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сәйкес қайта жаңартылып отырады.
Үкімет атқарушы биліктің жергілікті органдарына берілген функцияларды іске асыруға мұқият талдау жүргізетін болады және мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін одан әрі ажырату жөнінде ұсыныстар дайындайтын болады.
Санамаланған бағыттар бойынша жүргізілетін жұмыс мемлекеттік органдардың ішкі құрылымын қайта құруға, оларға жүктелген өкілеттіктерді іске асырудың тиімді тетіктерін құруға және тиісінше олардың қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Бір деңгейдегі мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі ұсыныстар әзірленетін болады.
Төртіншіден, басқарудың, үйлестірудің және бақылаудың тиімді тетіктерін енгізу. Ең әуелі атқарушы мемлекеттік билік органдарының қызметіне функционалдық талдау жұмыстары жүргізіліп, осының нәтижесінде артық және қайталанатын міндеттер жойылуы тиіс.
Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының сапасы мен тиімділігін бағалаудың кешен-ді жүйесі енгізу міндеті тұр. Соның ішінде, мемлекеттік органдар іс-әрекетінің (қызмет көрсетудің) рейтингілік жүйесін әзірлеуді аяғына дейін жеткізген абзал. Мемлекеттік қызмет көрсетудің салалық және бірыңғай стандарттарды әзірлеуді тездету керек.
Құжаттардың өту мерзімін қысқарту және шешімдер қабылдауды жеделдету үшін басқару рәсімдерін жетілдіру және регламенттеу жөнінде жұмыстар жүргізіледі.
Функционалдық талдау негізінде Үкімет бақылау және қадағалау функцияларын реттеуге, бақылау және қадағалау функцияларын нақты мемлекеттік органдардың құзыретіне жатқызу өлшемін белгілеуге мүмкіндік беретін мемлекеттік функцияларды жіктеуді аяқтайды.
Бесіншіден, «электрондық Үкімет» жүйесін толықтай іске қосу. Бұл игі бастаманың өзектілігі мемлекеттік органдардың әрекет жасауының тиімділігін арттыру қажеттілігімен түсіндіріледі және алдыңғы қарастырылған әкімшілік реформалар бағыттарының жүзеге асырылуына қомақты үлес қосады.
Әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсетудің өзі ептеп электрондық форматқа көшірілетінін ескеру керек. Осы арқылы мемлекеттік қызметкер мен тұтынушы арасында тіке-лей қарым-қатынастар едәуір қысқарады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік қызметкер мен қарапайым тұтынушы арасында әкімшілік жемқорлық өрісінің пайда болуына жол бермейді. Сонымен қатар, «электрондық Үкімет» ақпараттық-телекоммуникациялық жүйесін әзірлеу, іске қосу және одан әрі дамыту келесідей себептер бойынша Қазақстанның қарыштап да-муына септігін тигізеді деген пікірдеміз.
Әуелі, «электрондық Үкімет» ақпараттық технологияларға негізделген жобаның негізгі компоненттерінің әзірленуі жанама түрде ұлттық ақпараттық инфрақұрылымның жедел қалыптасуына жәрдемдеседі.
Оның үстіне осы ақпараттық-технологиялық жүйенің тағы бір артықшылығы – болашақта өз инфрақұрылымын жаңғыртуды ешбір қиындықсыз жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Яғни мемлекеттік басқару процестері мен рәсімдерін мерзімді жетілдіріп тұру енді жеңілірек болады деген сөз.
Есесіне «электрондық Үкімет» жүйесі мемле-кеттік органдардың біртұтас тасымалдау ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы мемлекеттік органдар арасында хат-хабар алмасу процестері мен рәсімдері бірсыпыра мәселені шешуге болады – мемлекеттік органдар арасындағы өзара ықпалдастығын жеделдете түседі, ыңғайлы әрі арзан болады.
Ең маңыздысы, мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігі күшейеді.
Тіптен, ақпараттық-телекоммуникациялық желінің дұрыс жүзеге асыру мемлекеттің азаматтық қоғаммен және бизнес-құрылымдармен өзара әрекеттесуін оңтайландырады деп күтілуде. Өйткені қарапайым халық «электронды Үкіметтің» порталы арқылы мемлекеттік органдардың қызметі мен қызмет көрсетуі туралы ақпаратты кез келген уақытында біле алады.
Қорытындылай келе, мемлекеттік басқару жүйесін реформалау барысында жаңа ақпараттық технологияларды қолдану, осы бастаманың тиімді іске асуына көмектеседі. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың басты қағидаттары ретінде – кезең-кезеңімен іске асуы мен бірізділігі, реформалау бойын-ша қойылған міндеттердің кешенділігі мен ұсынылатын шешімдердің жүйелілігі, ашықтығы, қабылданған шешімдердің жүзеге асуына ұдайы мониторинг жүргізу, мемлекеттік органдардың өзара тиімді ықпалдасуы қабылданды.
Жаңартылған мемлекеттік басқару жүйесі келесі параметрлерге сәйкестенуі тиіс: -аймақтардың дербестігін сақтай отырып орталық мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функцияларының тиімділігін арттыру;
-    атқарушы билік органдарының әртүрлі деңгейлері арасындағы өзара ықпалдасудағы икемділікті арттыру;
-мемлекеттік басқару органдары қызметінің тиімділігін тәуелсіз сыртқы бағалау;
-мемлекеттік қызметке барынша лайықты әрі бәсекеге қабілетті кадрларды тартуүшін жағдай жасау;
-    жалпы мемлекеттік қызметтің оң имиджін
қалыптастыру; -бюджет үдерісіне жаңа әдістемелер енгізу; -мемлекеттік менеджменттің соңғы
нәтижеге бағдарланған оңтайлы тәсілдерін қолдану;
-сыбайлас жемқорлықпен күресті батыл жандандыру әрі жүйелі де табанды түрде жүргізу.
Жаңа үлгіде қалыптасқан мемлекеттік басқару жүйесі Қазақстанның таңдап алған
бәсекелестікке толық қабілетті елдің іргесін салу мұратына сәйкес болуы тиіс. Өйткені, қазір еліміз өз дамуындағы тарихи кезеңді бастан кешіп отыр, себебі нақ осы кезде әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа белесіне қадам басқалы тұрмыз.
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдердің санатынан өзіне лайықты орын алуы – бұл стратегиялық бәсекелестік жағдайындағы ғаламның қазіргі заман талабы. Соған сәйкес, еліміздің алдында жуық арада әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларда шұғыл реформаларды жүзеге асыру арқылы алға суырылуып шығу міндеті тұр. Осы міндетті орындауға лайықты мемлекеттік қызметкерлерді даярлау, олардың елжанды қызмет жасауын қамтамасыз ету, жаңа білім алуына және кәсібін шыңдауға қалыпты жағдай қалыптастыру мәселелері оңтайлы шешімін табуы тиіс.
Түптеп келгенде, жүйелі реформалардың мемлекеттік саяси бағыт-бағдары биліктің тиімділігі мен саяси жүйенің ырықтандырылуы арасында оңтайлы тепе-теңдікті ор-натуды көздейді. Ал басқару процесін демократияландыру мемлекеттің іргелі саяси институттарын одан әрі дамыту мен нығайтуға, әртүрлі билік тармақтарының бір-бірімен әрекеттесуінің тиімділігін арттыруға және өзара тежемелік пен тепе-теңдік жүйесін күшейтуге негізделген.
Әлбетте, қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсінбей, оларды одан әрі нығайта беру қажет. Экономикалық өрлеудің қарқыны жөнінен ТМД мемлекеттері және Шығыс Еуропа елдері арасынан алға суырылып шыққан еліміз, ендігі, әкімшілік реформалардың тереңдігі мен қарқындылығы жөнінен де көшбасшы болуға бел буды. Оған қажетті алғышарттың барлығы бар.
Осы саладағы барлық реформалар Қазақстанның одан әрі қарыштап өрлеуіне, экономикадағы жедел өсіп-өнуіне, саясаттағы тұрақтылыққа және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Мемлекеттің әрбір ұсынған реформалары қазақстандықтың қанатын қатайтып, қадамын нығайта беруді көздеуі керек. Өйткені, Қазақстан Республикасының ең басты қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін естен шығармаған абзал. Әкімшілік реформалардың басты мақсаты – мемлекеттік қызметкердің халқына адал қызмет жасауы.


Ускорение модернизации системы государственного управления – приоритет нового правительства
Руслан Жангазы, политолог
На фоне пертурбаций в высших эшелонах власти в стране активизировались процессы поиска приоритетных направлений развития, способных задать ускоренные темпы социально-экономическому росту. Это, в свою очередь, предопределило необходимость выдвижения на передний план реализации очередного этапа административной реформы. На современном этапе основные направления проведения административной реформы определены – необходимо дальнейшее совершенствование института государственной службы, создание системного механизма борьбы с коррупцией, оптимизация структуры государственного аппарата, внедрение эффективных механизмов государственного управления, контроля и координации, полноценный запуск системы электронного правительства. Нынешний этап административной реформы отличается тем, что параллельно инициируется запуск нового витка масштабных политических преобразований. В целом же необходимые условия для достижения обозначенных целей созданы.,

PDFПечатьE-mail