Астанада KAZENERGY аллеясы пайда болды

размер шрифта: Aa | Aa
02.05.2011 18:25
Сенбі күні жалпықалалық экологиялық сенбілік аясында елордадағы Президент саябағы, Арай саябағы,   Еуразия ұлттық университеті мен Көктал кенті маңында ағаш отырғызу шарасы өтті. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған бұл шараға KAZENERGY мұнай-газ ұйымдары мен энергетикалық кешен қауымдастығы қызметкерлері де қатысты. Есілдің сол жағалауындағы Арай саябағында  қауымдастықтың  өз аллеясы пайда болды.

Астананың  Есіл ауданы аумағында орналасқан «Арай» саябағындағы шараны Есіл ауданы әкімдігі  ұйымдастырды. Игілікті шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов та келіпті. «Арай» саябағына ағаш отырғызуға 40-тан астам ұйым –  ұлттық компаниялар, банктер, құрылыс фирмалары мен орта және шағын кәсіпкерлік өкілдері де қатысты. Солардың арасында елуден астам мұнай-газ және энергетикалық кешеннің басын біріктірген  KAZENERGY қауымдастығының қызметкерлері белсенді болды десек, қателеспейміз.   Осыдан алты жыл бұрын құрылған  KAZENERGY  қауымдастығының   мақсаты – Қазақстанның  мұнай-газ және энергетикалық кешенінің тұрақты   дамуына қолайлы жағдай жасау.
Қауымдастық – мұнай-газ саласының мамандарын, кен игеру ісіне қатысы бар қызметкерлердің, энергетиктердің, тасымалдау қызметін көрсететін кәсіпорын өкілдерінің, тұтынушылардың ой-пікірі ашық талданатын «ақпараттық кеңістік» міндетін атқарады.  Саланың дамуына сүбелі үлес қосуды мұрат тұтқан қауымдастық   бәсекелестік пәрмені мықты Қазақстанның мұнай-газ бен энергетика өнеркәсібін  көркейтуді көздейді.   Қауымдастыққа мүше компаниялар – әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын түсінетін бизнес ұйымдар.   Олар мұны кешегі күні өткен жалпықалалық ағаш отырғызу акциясында дәлелдеп те берді. «Артыңда мал қалмаса да, тал қалсын» деген қағиданы қазық еткен қауымдастықтық қызметкерлері демалыс күндерін елдордамызды жасыл желекке айналдыру шарасына арнады.

Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергеновтің айтуныша, бұл бастаманы осыдан бір ай бұрын қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов бастаған-ды. «Біздің аудан бойынша 42 ұйым қатысып отыр. Астанамыздың көркеюіне 2000-ға жуық қала тұрғыны  өз үлестерін қосты. Бүгінге дейін Есіл ауданы бойынша 25 000 түп ағаш отырғызылды», – деді аудан әкімі. Ал кешегі шара  барысында  2500 түп  ағаш отырғызылды. Бұл шараға 17 млн теңге қаржы жұмсалыпты, 15 техника жұмылдырылды. Аталмыш акция   алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Гүлназ ШӘРІПҚЫЗЫ
Астана

PDFПечатьE-mail