Норвегияның мұнай-газ секторына қатысты саясаты Қазақстанның ұстанымына өте ұқсас - Хеге Мари Норхейм ханым

размер шрифта: Aa | Aa
06.10.2011 14:42
 ҚазАқпарат - Бұл күндері Астананың Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан KAZENERGY VI Еуразиялық форумы аясында «Статойл» компаниясының климат мәселелері жөніндегі аға вице-президенті Хеге Мари Норхейм «Энгергетикалық ақиқат және климаттың өзгеруі: алға жылжудың тұрақты жолы» тақырыбында баяндама жасады. Сессия аяқталған соң Норхейм ханым pm.kz сайтына арнайы сұхбат берді. 

- Сіз Норвегияның ірі мұнай-газ компанияларының бірінің өкілісіз. Сіздердің елдеріңізде мұнай индустриясын дамытуда осындай зор табысқа қалай қол жеткізілгенін айтып өтсеңіз.

- Алдымен, барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Бұл ел тарихындағы өте маңызды белес деп ойлаймын. 

Норвегияның мұнай-газ секторына қатысты саясаты Қазақстанның ұстанымына өте ұқсас. Мұнай-газ өнеркәсібін дамытуды біз алдымен әлеуметтік саланы жақсарту тәсілдерінің бірі ретінде қарастырдық. Өйткені, оңтайлы әлеуметтік ахуалды сақтай отырып, біз келешек ұрпағымыздың жайлы тұрмыс-тіршілігіне кепілдік бере аламыз. Менің ойымша, екі елдің мұнай индустриясын дамытуда көзқарасы ортақ. 

Біз Қазақстанмен кен орындарын игеру саласындағы технологиялармен бөлісе алар едік деп ойлаймын. Норвегияның экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсілдерді пайдалануда бай тәжірибесі бар. 

- Сіз экологиялық қауіпсіздік мәселесін қозғадыңыз. Қазіргі энергетика саласының қоршаған ортаға әсерін қалай төмендетуге болады деп есептейсіз? 

- Нақты бір елдегі қоршаған ортаға тоқталар болсақ, бұл жерде үкімет қатаң талаптар бекітіп, сонымен бір мезгілде салалық компаниялармен және кәсіптік одақтармен ынтымақтастық орнатқаны маңызды дер едім. 

Менің пікірімше, Норвегияның маңызды ерекшеліктерінің бірі бұл салалық компаниялар мен биліктің арасындағы тығыз қарым-қатынас. Бұл дегеніміз - үкімет қатаң талаптар бекітіп, ал компаниялар үкіметке осы талаптарды қалай орындайтынын көрсетеді деген сөз. Егер климаттың өзгеруі секілді ғаламдық мәселеге келер болсақ, бұл жерде мұнай-газ саласы осы мәселені шешуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Ал, Қазақстан өзге елдерге энергоресурстарды тасымалдау, оларды пайдалану және монетизациялау арқылы өз үлесін қоса алады. Сонымен қатар, Қазақстан экономикасын дамытудың маңызды бөлігі болып табылатын энерготиімділікті арттыру мәселесінде де жұмыс істеу қажет.

АСТАНА. 5 қазан.

PDFПечатьE-mail