ҚР СІМ басшысы мен ЕО-ның энергетика жөніндегі комиссары энергетикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

размер шрифта: Aa | Aa
04.10.2011 17:51

ҚР сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Еуропа комиссиясының энергетика мәселелері жөніндегі комиссары Гюнтер Оттингермен кездесті, деп хабарлайды ҚР сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметі.

«Энергетикалық ынтымақтастықтың қазіргі форматын кеңейту тақырыбын қозғаған министр еліміздің Еуропа Одағымен энергетикалық ынтымақтастығы қуат тасымалдаудың қауіпсіздігі мен энергетика ресурстарының әртараптандыруға, қазақстандық көмірсутекті Еуропа нарығына тасымалдауды тереңдету мен кеңейтуге негізделгенін айтты», - делінген сейсенбі күні таратылған баспасөз мәлімдемесінде.

Е.Қазыхановтың айтуынша, Қазақстан жаңа энергетикалық қуаттарын құру мен қуат тасымалдау инфрақұрылымын ары қарай дамытуға, уран және көмірсутек шикізатын өндіру, өңдеу және пайдалану саласына жаңа технологиялар мен техникалық  құралдар енгізуге, энергетика саласына өзара тиімді шартында инвестициялар тартуға ерекше маңыз береді.

Хабарламаға сәйкес, бүгінгі таңда ҚР мен ЕО-ның энергетикалық ынтымақтастығы ядролық қауіпсіздік туралы келісімнің, ядролық синтез туралы келісімнің, ядролық энергияны бейбітшілік жолында қолдану туралы келісімнің және энергетика саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумның негізінде дамып келеді.

Министрдің пікірінше, 1999 жылғы әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің орнына Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық пен кеңейтілген әріптестік туралы жаңа келісімді әзірлеу басымдықты мәселе болып табылады.

Еліміздің сыртқы саяси мекемесінің басшысы қазіргі таңда Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытында Еуроодақпен қарым-қатынас «маңызды орын алатынын» атап өтті. Оның хабарлауынша, 2011ж бірінші  жарты жылдығында екіжақты тауар айналымы $25, 4 млрд. құрады, бұл 2010 жылғы сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен $6,8 млрд-қа көп.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 1993 - 2010 жж. Еуроодақ мемелекеттерінен Қазақстан экономикасына тікелей инвестициялардың жалпы ағымы $50 млрд болса, оның ішінде 2010 жылы $10 млрд. құрады. Инвестициялардың  негізгі бөлігі энергетика саласына бағытталды.

Астана. 4 қазан. ҚазТАГ 

PDFПечатьE-mail