«KAZENERGY» - «Қазақша КВН» жобасының демеушісі

размер шрифта: Aa | Aa
24.05.2010 00:18

Қазір Қазақстан бойынша қазақ тілінде 200-ге жуық студенттік, 500-ден астам оқушылар КВН құрамалары бар екен. 2005 жылы «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігін құрып, қазақша сатираға жаны құмар жастардың басын біріктіріп жүрген Есен Елеукенмен қазақша КВН туралы әңгімелестік...

- Есен аға, қазір тіл жанашырлары «Клуб Веселых и Находчивых» деген орыс тілінен алынған абревиатураның қолданылуын қатты сынға алып жүр. Олар КВН-ді КТК немесе «Көңілді Тапқырлар Клубы» деп атауды ұсынады. Атқарып жатқан жұмысыңызға қарағанда, сіз де туған тілге қиянат жасайтын адам емессіз. Олай болса, неге КВН? 
- Иә, КВН-нің атауына қатысты сыни пікірдің бар екенін білемін. Бірақ КВН - бренд. Мысалы, «Comedy Club». Ол да бренд. Шетелдік бренд. Сондықтан мұндай жобалардың атауын өзгертудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы - сол қазақша КВН-нің таза қазақ тілінде жүруі. Ойыншылардың орысша сөздерді араластырып сөйлейтініне қатысты да сын айтылады. Алайда сын айту оңай. Ақыл үйретуге келгенде алдымызға жан салмаймыз ғой... Бір жағынан, «сын түзелмей, мін түзелмейді», сыни пікірлердің болғаны жақсы. 
- «Мін» демекші, әсте тырнақ астынан кір іздеп отыр деп ойламаңыз... Бірақ кейде көрермен ретінде КВН-дегі қалжыңдарға қарның ашады. Мен Ресейдің де, Қазақстанның да КВН ойындарына қатысты айтып отырмын. Мақтамен сойғандай етіп, астарлап жеткізетін, саналы қалжың жетіспейді -ау... 
- КВН - қоғамда болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды халыққа әзіл-сықақ түрінде жеткізетін құрал. Ресейдің КВН-іне баға беруден аулақпын. Оларды бағалайтын дәрежеге жеткен жоқпыз. Қазақша КВН-ге келсек, бастабында жеңіл әзілдер көп болғаны рас. Оны КВН-шілер «гон» дейді. Бұл - көбіне сұрақ-жауап түріндегі жеңіл-желпі әзіл. Бірақ соңғы бір-екі жылда саяси тақырыпта қалжыңдап, астарлап сөйлейтін КВН командалары көбейді. Мысалы: ҚазҰУ құрамасы, қарағандылық «Ұлдар емес», ақтөбелік «Еркетай», атыраулық «ПСК пысықтары», астаналық «Күлтегін». Сапалы сатираның көбейгеніне мен іштей қуанамын. Яғни қыз-жігіттердің өрісі кеңіп, қазақша КВН жаңа сатыға көтеріліп келеді деген сөз. 
- Әзіл демекші, осы біздің КВН командаларына әзілді кім жазады? 
- Әрқалай. Кей топтар сценарийді өздері жазады. Ал кейбіреулер авторларды жалдайды. Республика бойынша, қызықты сценарий жазуға қабілетті 5-6 автор бар. 
- Құпия болмаса, бір сценарийдің құны қанша? 
- Шамамен 40-70 мың теңгенің аралығында. Ал Ресейде бір сценарий 10-15 мың долларға бағаланады. Бізде әрі кетсе 500 доллар. Ресейде КВН коммерциялық жобаға айналып кеткен. 
- Ақыры Ресей жайлы сөз қозғадыңыз... Көбі қазақша КВН-ді ресейлік КВН-мен салыстырады. Айырмашылық бар. 
- Әрине, айырмашылық болады. Ресейдегі КВН-нің 49 жылдық тарихы бар! Ол жақта КВН-нің өз дәстүрі, өз мектебі қалыптасты. Қанша белгілі актер, шоумендер бұрынғы КВН-шілер. Александр Масляковты білмейтін адам, сірә, жоқ шығар Федерация аумағында. КВН ойындарына елдің президенті те, премьер-министрі де, атақты кәсіпкерлер мен шоу-бизнес жұлдыздары да келеді. Ал бізде қазақша КВН 1999 жылдан бастап өткізіледі. Біз енді-енді қанаттанып келеміз. Тәжірибе де аз. Шынын айту керек, бұған дейін үлкен азаматтарды ойынымызға шақыратындай деңгейде болған жоқпыз. Бірақ қазір ойынды тамашалауға қандай дәрежедегі шенеунік келсе де, жерге қаратпайтын құрамалар бар. 
- КВН - көбіне студенттердің ойыны. Мысалға, студенттік 4-5 жылда әбден пісіп, шираған шағында КВН ойыншысы оқуын бітіреді делік..... Әдетте, сол ойыншылар сахнамен қоштаса ма? 
- Міне, ең өкініштісі - осы. Студенттік команда енді кемеріне жеткенде, оның ойыншылары әдетте оқуын бітіреді. Диплом алғаннан кейін, ойыншыларымыздың 80-90%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, КВН-нен қол үзеді. 10-15%-ы шоу-бизнеске, телеарналардағы әзіл-сықақ бағдарламаларына қарай ауысады. Қазір мұндай телебағдарламалар көбейіп келеді. Өкінішке қарай, көбінің саны бар, сапасы жоқ. «Көш жүре түзелер» деген үміттемін. 
- Қазақша КВН-ге мемлекет тарапынан қолдау бар ма? Жоғары оқу орындары, жеке компаниялар немесе меценаттар қаншалықты белсенді? 
- Оқу орындарының кейбіреуі өз құрамаларына демеуші болады. Басқа қалаға барып ойнаса, жол ақысын, тұратын орны мен жейтін тамағына дейін өздері қаржыландырады. Кей оқу орындары керісінше, қол ұшын бермейді. Ондай оқу орындарының студенттері әдетте өздері демеуші тауып, тырысып-тырмысып, қаржы көздерін іздейді. Соңғы екі жылда Мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп жүр. Биыл «KAZENERGY» қауымдастығы жәрдемдесіп жатыр. Осы ретте қауымдастықтың төрағасы Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа өзіміздің риясыз алғысымызды білдіреміз. 
- Ел арасында «чемпиондарды Есен Елеукен таңдайды екен» деген қауесет бар? Сіз «КВН Одағының» президенті ретінде сайыс қорытындысына ықпал етесіз бе? 
- Мені сондай құдіретті деп санайтындары қуантады, әрине... (күлді). Бірақ менің ондай құдіретім жоқ, бәрін шешетін - қазылар алқасы. Тіпті кейде біз іштей «чемпион болады-ау» деп отырған құрамаға қазылар алқасының бір мүшесі төмен баға беріп, ол команда чемпион болмай қалатын жағдайлар да жиі кездеседі. Онда да араласпаймыз. Қоғамдағы кемшіліктерді әшкерелеудің орнына, былыққа батып отырсақ, ұят болатын шығар... 
БИБІГҮЛ ТӨЛЕНДІ


 


PDFПечатьE-mail
 

Добавить комментарий

Защитный код
Обновить