KAZENERGY қауымдастығы Дүниежүзілік мұнай кеңесі Атқарушы комитетінің отырысын Астанада өткізеді

размер шрифта: Aa | Aa
25.10.2010 00:00
Айқын. 19-21 қазан аралығында Бейжің қаласында Дүниежүзілік мұнай кеңесі (ДМК) Атқарушы комитетінің кезекті отырысы өтті. Бұл жиынға ДМК Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі, KAZENERGY мұнай-газ және энергетика саласындағы ұйымдар қауымдастығының бас директоры Жанболат Сәрсенов қатысты. Комитет жұмысы тамамдалған соң, талқыланған мәселелер жайында біз ол кісіден сұхбат алдық. 
- Жанболат Жақияұлы, жиында қызу пікірталас болған сияқты...
- Даулы мәселелердің талқыланғанын айта кетуіміз керек. Атқарушы комитетке кіретін 44 мемлекеттің өкілдері 21-ші Дүниежүзілік мұнай конгресі өтетін қаланы таңдады. Үш кандидатура дауысқа салынды: Мәскеу (Ресей), Хьюстон (АҚШ) және Богота (Колумбия). Пікірталас қызған сәтте тіпті техника істен шығып жатты. Осы себепті дауыс беру процедурасын бірнеше рет өткізуге тура келді. Алдымен Ресейге 22 дауыс, Хьюстонға - 11, Боготаға - 9 дауыс берілген. Техникалық ақаулықтың кесірінен комитет мүшелері тағы бір рет дауыс бергенде, қорытынды өзгеріп шыға келді. АҚШ өз жақтастарының санын 15-ке дейін арттырып алды, ал Колумбияны қолдайтындардың қатары керісінше, сиреп 6 дауыс қана қалды. Бәрібір тіркелген дауыстар жиынға қатысушылардың санымен сәйкес келмегендіктен, техникадан бас тартып, қолмен дауыс беруге тура келді. Осылайша Ресей мен АҚШ-тың арасында таңдау жасау керек болды. Нәтижесінде Ресейдің 22 дауысына тағы 2 дауыс, АҚШ-тың 15 дауысына тағы 4 дауыс қосылды. Бәрібір Хьюстон Мәскеуге жете алмай, 21-ші конгресс Ресей астанасында өтетін болып шешілді.

- Қазақстан кімге дауыс берді?
- Қауымдастық төрағасы Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың ұсынысымен, биыл маусым айында өткен қауымдастық кеңесінде құпия дауыс беру болғаны белгілі. Ол жиында қауымдастыққа кіретін компаниялардың басым көпшілігі Ресейді қолдаған болатын. Бейжіңде үш рет қатарынан дауыс бергенде де мен осы шешімнен тайған жоқпын. Бірақ АҚШ өте қызықты әрі тартымды презентация дайындапты. Оны мойындау керек. Тіпті Хьюстон қаласының мэрі мен Айға табаны тиген астронавт Баз Алдриннің өзі үгіт-насихат жасап, ойға қонымды деректерді мысалға келтірді. Айтпақшы, Алдрин мырза Дүниежүзілік мұнай кеңесінің қазақстандық комитетіне өзінің кітабын сыйға тартып, америкалық ұлттық комитеттің басшысы бізді екі-жақты ынтымақтастыққа шақырды.

- Ал Қазақстанның Ресейді қолдауында не сыр бар?
- Біріншіден, Қазақстан да, Ресей де бұрынғы КСРО аумағынан шыққан энергия экспорттаушы мемлекеттер. Сондықтан Дүниежүзілік мұнай конгресін Мәскеуде өткізу - әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде біздің аймақтың маңыздылығын мойындатады. Екіншіден, көптеген энергетикалық мәселелер бойынша Ресей мен Қазақстанның ұстанымы ұқсас. Сол себепті, Мәскеудегі жиынның күн тәртібінде екі елдің де мүдделеріне сай келетін мәселелер талқыланады деген үміт бар, яғни бұл конгресс біздің ұлттық мүдделерімізді қорғауға да септігін тигізуі керек. Ал біздің мүддеміз - халықаралық нарықта көмірсутектерге деген тұрақты сұраныс пен ұсынысты қамтамасыз ету, мұнайдың бағасын тұрақтандыру. Қазір әлемдік экономика жүйесінде қаражат шектен тыс екенін естен шығармау керек, сондықтан дағдарыс қайталанбасын десек, қаржы қорлары мұнай сияқты өндіруші салаға жұмсалуы тиіс. Қара алтын әлемдік экономиканың моторын энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Егер мұнай бағасы төмендесе, қара алтын қорларын игеруге жеткілікті қаражат түспейді, бұл жағдайда дүниежүзілік жанармай дағдарысының басталуы ғажап емес. Үшіншіден, мұнай-газ жобаларында Ресей біздің маңызды одақтасымыз. Каспий құбыр консорциуымының шеңберінде, шекара бойындағы кен орындарын игеруде бірлескен жобалар бар, сонымен қатар екі ел бір-бірінің территориясындағы инвестициялық жобаларды дамытуға мүдделі. Қара теңізден Жерорта теңізіне құбырлар салуда да бірлескен жобалар жоқ емес. Бұл ынтымақтастықты жан-жақты күшейтіп, қолдап отыру керек. Бәрін байлай қойғанда, біз үшін Хьюстонға қарағанда Мәскеуге ұшып барған әлдеқайда жақын. (күледі)

- Бейжіңдегі жиында Қазақстанға қатысты шешімдер де қабылданды. Бұл қалай болды?
- Атқарушы комитет Дохада (Катар) өтетін 20-шы Дүниежүзілік мұнай конгресінің аясында Қазақстанның басқаруымен министрлер кеңесін өткізеді. Бұл біздің еліміздің мұнай әлеміндегі саяси салмағын арттырып, халықаралық энергетикалық диалогта Қазақстанның ықпалын күшейтеді. Ең бастысы, атқарушы комитеттің осы жолғы отырысында келесі жиынды Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Кездесу 2012 жылдың қазан айында, кезекті KAZENERGY Еуразиялық форумының шеңберінде өтеді. Қауымдастық төрағасы Тимур Құлыбаев Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Рэндал Госсенге бұл туралы алдын ала ұсыныс жасап, Госсен мырза қолдау көрсеткен болатын. Шешім қабылдау тәртібіне сәйкес, мен осы жолы Бейжіңде бұл ұсынысты ресми түрде атқарушы комитетке енгіздім, комитет мүшелері оны бір ауыздан қолдады. Қорытындылай келе, ДМК атқарушы комитетінің отырысын Астанада, Мұнай конгресін Мәскеуде өткізу тенденциясы халықаралық энергетикалық қауымдастықта Еуразияның рөлінің күшейгенін білдіреді. Қазақстан мұнай өндіру көлемін жылдан-жылға арттырып келеді, биылдың өзінде бұл көрсеткіш 7,8% өсті. Ал соңғы 10 жылдың ішінде жыл сайынғы мұнай өндірісі 40 миллион тоннадан 80 миллион тоннаға жетті, яғни екі есе артты. 2010 жылы бұл көрсеткіш 130-140 миллионға жетеді деген болжам бар. Ал Сауд Арабиясы, Иран, Венесуэла сияқты алып экспорттаушылар, тіпті ОПЕК-тің басқа да мүшелері қазір өндіріс көлемін азайтып жатыр. Олардың кейбірінде көмірсутек қоры сарқыла бастады, Қазақстанда керісінше, шикізат қоры өсуде. Бұл үрдісті мен әлемдік мұнай өндірісінің орталығы біртіндеп ауытқып жатыр деп сипаттар едім. Бұл өзгеріс Дүниежүзілік мұнай кеңесінде қабылданатын шешімдерден де анық байқалады.
PDFПечатьE-mail