Астанада «Орталық Азия – Қытай» саммитіне орайластырылған Power Central Asia + China бірінші өңірлік энергетикалық форумы басталды. Бастаманы ҚР Энергетика министрлігі Инфрақұрылымдық және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығымен бірлесіп, Қазақстан және Қытайдың жетекші энергетикалық компаниялары мен институттарының қолдауымен ұйымдастырды.
Форум ҚР Үкіметінің өкілдері мен екі елдің ірі энергетикалық компанияларының топ-менеджерлері қатысқан пленарлық сессия аясында ресми түрде ашылды. Спикерлер қатарында ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, China Southern Power Grid International Co., Ltd Басқарма төрағасы Чжан Хэн, «QazaqGaz» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов, Power China Директорлар кеңесінің төрағасы Дин Янг Жанг, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, China Energy International Group Co., Ltd Басқарма төрағасы Lyu Zexiang бар. Жиынға KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Жандос Нұрмағанбетов модератор болды.
Сессия инвестициялық, өнеркәсіптік және ғылыми-білім беру салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды іске қосуға бағытталған мазмұнды пікірталас алаңына айналды. Қатысушылар Қазақстанның жасыл технологиялар, цифрландыру және өнеркәсіптік кооперация саласындағы көшбасшы – өңірлік энергетикалық хаб мәртебесін қалыптастыруға деген ұмтылысын атап өтті.
Өңірлік кооперация, декарбонизация және индустрияландыру мәселелерін қоса алғанда, энергетика секторын дамытудың стратегиялық бағдарлары сөз болды. Энергияны сақтау жүйелерін, жоғары вольтты тұрақты ток желілерін, интеллектуалды желілерді, киберқауіпсіздікті, ЖИ дамыту, сондай-ақ ЖЭК интеграциясы, сутегі энергетикасы мен ГАЭС перспективалары, ESG-қағидаттарын енгізу сияқты технологиялық трендтерге ерекше назар аударылды.
Форум орнықты даму қағидаттарына сәйкес, жаңартылатын және сутегі энергетикасынан бастап, отын-энергетика кешенін жаңғыртуға дейінгі басым салаларға инвестициялар ағынын ашуға серпін береді деп күтілуде.
Іс-шара соңында Жандос Нұрмағанбетов барлық қатысушыларды 2-4 қазанда Астанада өтетін және өңір үшін жылдың басты энергетикалық оқиғасына айналатын Kazakhstan Energy Week-2025 / XVI Еуразиялық KAZENERGY форумына шақырды.
Пленарлық сессиядан кейін екі елдің энергетикалық компанияларының арасындағы коммерциялық келісімдерге қол қою рәсімі өтті.