2017-ж. 30-қазанда «Теңізшевройл» ЖШС алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың KAZENERGY Ханымдар Энергетикалық Клубының және Атырау облысы мұнай компанияларының өкілдерімен кездесуі өтті. Атырау облысының Әкімі Нұрлан Ноғаев шараның модераторы болды.
Гүлшара Әбдіхалықова қатысушыларға әйелдердің ел экономикасының әртүрлі секторларына, сондай-ақ мемлекеттік қызметке және саяси салаға қатысуы туралы мәліметтерді ұсынды. Мемхатшы әйелдердің қатысу үлесін ұлғайту үшін қажетті негізгі міндеттерді атап көрсетті. Осы ретте, әйелдердің мұнай-газ саласындағы біліктілікті арттыру мәселелері бойынша халықаралық және өңірлік әрекеттестігін дамыту; мұнай-газ компанияларының қызметтерін регламенттейтін нормативтік актілерге отбасылық және гендерлік саясатты іске асыру мәселелері бойынша нормаларды енгізу; әйелдердің корпоративтік сектордағы басшы қызметтерге ұсынылуын кеңейту; әйелдердің өнеркәсіп секторларындағы және индустриалдық жобалардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет.
Мемхатшы KAZENERGY Ханымдар Энергетикалық Клубының (бұдан әрі - ХЭК), оның ішінде XI Еуразиялық KAZENERGY форумы шеңберінде өткен ХЭК ІІІ форумын атап көрсете отырып, экономиканың басқа салаларында әйелдер қауымдастықтарын құру және дамыту туралы ұсыныс жасады. Өз кезегінде ХЭК Төрайымы Айзада Аққайсиева ХЭК жұмысы туралы есеп ұсынып, оның құрылымы, мақсаты мен міндеттері туралы айтып берді. Шараға қатысушыларға ХЭК ІІІ форумының қорытынды ролигі көрсетілді.
Сонымен қатар шара барысында «Теңізшевройл» бас директоры Тэд Этчисон, «Теңізшевройл» адами ресурстарының бас менеджері, «KAZENERGY» қауымдастығы Адами капиталды дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің тең төрайымы Шолпан Алтыбаева, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова, NCOC N.V. келісімшарттық сатып алу жүйелерін орындау және бақылау бойынша үйлестірушісі, NCOC N.V. әйелдер қауымдастығының төрайымы Назым Мұсағалиева баяндама жасады.
Фотографии