ҚР Энергетика министрлігінде Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI KAZENERGY Еуразиялық форумын өткізуге дайындық мәселесі бойынша министр Ерлан Ақкенженовтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтті.
Кеңесте негізгі ұйымдастырушылық мәселелер, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдар тарапынан үйлестіруді және жәрдемдесуді талап ететін жұмыстардың жайы талқыланды. Жиынға ҚР Атом энергиясы агенттігі, ҚазМұнайГаз, QazaqGaz, Қазатомөнеркәсіп, Самұрық-Энерго, KEGOC, ҚазТрансОйл және басқа ұйымдармен қоса, министрліктердің, ұлттық компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.
KAZENERGY қауымдастығының 20 жылдығына орай өткізілетін Kazakhstan Energy Week-2025 «Жаңа энергетикалық тәртіп: орта державаларға назар аудару» тақырыбымен өтеді. Кеңес барысында Қауымдастықтың бас директоры Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасап, іс-шараның дайындығы жайына және алдағы форумның сапалы өтуі үшін күш біріктіруді талап ететін негізгі мәселелерге тоқталды.
Форум еліміздің энергетика саласындағы басты халықаралық алаң болып табылады. Биылғы жиын саланың даму барысын қорытындылап қана қоймай, жаһандық энергетикалық архитектураға жаңа тәсілдерді қалыптастыру үшін өзекті тұғырнамаға айналмақшы. Бүгінгі таңда осынау мәртебелі басқосуға ОПЕК, ХЭА, IRENA, МАГАТЭ, Газ экспорттаушы елдер форумы және басқалары сияқты халықаралық энергетикалық ұйымдар басшылары қатысатындықтарын растады.
«Біз форумды ұйымдастырушылық және мазмұны жағынан жоғары деңгейде өткізуге міндеттіміз. Бұл іс-шара Қазақстан үшін энергетиканың стратегиялық маңызын көрсетеді», - деді министр өз сөзінде.
KAZENERGY қауымдастығы барлық мүдделі ұйымдар мен энергетика сарапшыларын Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI KAZENERGY Еуразиялық форумына қатысуға шақырады. Форумның kazenergyforum.com сайты арқылы тіркелуге және толығырақ ақпарат алуға болады.
