KAZENERGY қауымдастығы NDC Partnership елдік миссиясы аясында екі күндік семинарға және Жоғары деңгейдегі серіктестердің үйлестіру кездесуіне қатысты. Іс-шара ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің қолдауымен өтті.
Кездесуде 100-ден астам қатысушы – БҰҰ ДБ, ФАО, GIZ, ЕҚДБ, АДБ, Стокгольм қоршаған орта институты және басқа да даму серіктестерімен қоса, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бас қосты.
Талқылаудың негізгі мақсаты жаңартылған Ұлттық айқындалатын үлесті (ҰДАҮ 3.0) әзірлеу жөніндегі іс-қимылдарды келісу, Көміртекті бейтараптық стратегиясын іске асыруды қолдау және Үкімет пен донорлар арасындағы ынтымақтастықты нығайту болды.
Сессия барысында Қазақстанның климаттық басымдықтары, ҰДАҮ 3.0 әзірлеудің алдын ала нәтижелері, сондай-ақ халықаралық қолдау картасы қарастырылды. Үйлестіруді күшейту және ресурстық қамтамасыз етудегі олқылықтардың орнын толтыру жолдары талқыланды.
Климаттың өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын басқару, климат саясатындағы гендерлік және әлеуметтік аспектілерді есепке алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Іс-шара аясында негізгі салалар бойынша техникалық секторлық жиындар өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар инвестициялық жоспарды пысықтауды және халықаралық қолдау картасын тұрақты жаңартуды қоса алғанда, одан әрі қадамдарды белгіледі.
