Бүгін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде алғашқы кеңес өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, салалық министрліктерінің, мұнай-газ компанияларының басшылары, KAZENERGY қауымдастығының мүшелері қатысты.
Мұнай-газ саласындағы ағымдағы жағдай жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Асхат Хасенов баяндама жасады, «Chevron» Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс газ саласын дамыту перспективалары туралы баяндады, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директоры Ли Шуфэн кәсіпорынның өңірдегі қызметі туралы айтып берді және т.б. Сонымен қатар тақтатасты мұнай өндіру және тәуелсіз мұнай өндіруші компаниялардың проблемалары қозғалды.
Мемлекеттік органдардың басшыларымен пайдалы пікір алмасу өтті, еліміздегі мұнай-газ секторының болашақтағы дамуына әсер ететін негізгі аспектілер, соның ішінде жаңа жобалардың перспективалары, технологиялық инновациялар және мұнай өндіретін өңірлердің экологиялық жағдайын жақсарту жолдары қаралды.
Қатысушылар көмірсутектерді өндіру мен өңдеудің тиімділігін арттыру үшін озық технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті. Инвестицияларды тарту және халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
KAZENERGY Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев өз сөзінде Қауымдастықтың саланың инвестициялық тартымдылығын жақсарту, геологиялық барлауды дамыту және жаңа кен орындарын ашу, мұнай өндіруді ұлғайту, мұнай-газ саласын дамыту бойынша бизнес пен мемлекеттік органдардың келісілген шешімдерін дайындау үшін тиімді алаң болуға дайын екенін атап өтті. Ол үшін KAZENERGY Аналитикалық орталығы іске қосылады, ол мұнай-газ саласының Think Tank-не айналуы тиіс.
Премьер-Министр Олжас Бектенов атап өткендей, Үкімет мұнай және мұнай өнімдері нарығын ырықтандыруға бағытталған реформаларды жоспарлап отыр. Осы мақсаттар үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай өнімдерін өндірушілерге қосымша ынталандыру беретін Салық және Бюджет кодекстеріне, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне заңнамалық түзетулер пакеті әзірленуде. Өз кезегінде, бизнес жергілікті қамту үлесін едәуір ұлғайту және отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша шаралар қабылдау қажет.
Анықтама: KAZENERGY қауымдастығы мұнай-газ саласында, электр энергетикасында және атом өнеркәсібінде қызметін жүзеге асыратын 68 компанияны біріктіреді. Қауымдастық мүшелері мұнай мен конденсатты өндірудің 85%, газ өндірудің 95%, мұнай мен газды тасымалдаудың 100%, мұнай өңдеудің 95% және мұнай өнімдерін өндіруді қамтамасыз етеді.