KAZENERGY қауымдастығының Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қатар елінде 7-8 желтоқсанда Қатар Әмірі Шейх Тамим бин Хамад Әл Танидің қолдауымен өткен 22-ші Доха форумына қатысты. Биылғы Форумның тақырыбы - «Инновациялар императиві», ол энергетикалық қауіпсіздік, технологиялық даму және экономикалық ынтымақтастықты қоса алғанда, жаһандық сын-қатерлер үшін инновациялық шешімдерді іздеу қажеттілігін көздейді.
Форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзіне ерекше назар аударылды. CNN-ге берген сұхбатында ол халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге және тұрақтылықты қамтамасыз етуге қабілетті Орталық Азиядағы сенімді әріптес ретінде Қазақстанның стратегиялық рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі және энергетикалық қауіпсіздік сияқты өзекті мәселелерді шешу үшін БҰҰ-ны қоса алғанда, халықаралық институттарды реформалау қажеттігіне назар аударды.
Мағзұм Мырзағалиев Албанияның Еуропа және сыртқы істер министрі Игли Хасани мырзамен және Әзірбайжан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Фариз Рзаев мырзамен, сондай-ақ Қытай мен АҚШ-тың басқа да жоғары дәрежелі дипломаттарымен және сарапшыларымен бірге «Орталық Азия және Жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа дәуірі» панельдік сессиясының негізгі спикерлерінің бірі болды. Өз сөзінде ол Қазақстан мұнай, газ және уранның ірі әлемдік экспорттаушысы болып табылатынын, еліміздің жаһандық энергетикалық үдерістердегі стратегиялық рөлін атап өтті. Сондай-ақ Төраға энергия ресурстарын жеткізу бағыттарын әртараптандырудың, жаңартылатын энергетиканы дамытудың және ядролық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап көрсетті.
«Қазақстан инновацияларға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және экологиялық орнықты технологияларға белсенді инвестиция салып, ішкі қажеттіліктермен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке елеулі үлес қосуда», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Панельдік сессия барысында KAZENERGY қауымдастығының Төрағасы Орталық Азияның күн және жел энергетикасын дамытудағы әлеуетін, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық жобаларда басты серіктес болуға дайын екенін атап өтті. «Біздің еліміз ең жоғары экологиялық стандарттарға сай болуға және жасыл энергетикада жетекші орынға ие болуға ұмтылады», - деп қосты ол.
Сонымен қатар ол Орталық Азиядағы жаңартылатын энергетиканы дамыту перспективалары жөнінде, оның ішінде күн және жел энергетикасы саласындағы жобалар туралы айтты.
Доха форумы аясында Қауымдастық Төрағасы Қатар компанияларының басшыларымен және энергетика секторының халықаралық қатысушыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
KAZENERGY қауымдастығының Доха форумы сияқты корпоративтік және саяси көшбасшылардың ауқымды кездесулеріне қатысуы оның Қазақстанның энергетика секторы мен әлемдік нарықтар арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретіндегі айрықша маңызын көрсетеді. Мұндай іс-шаралар Қауымдастыққа ұлттық мүдделерді ілгерілетуге, әріптестікті нығайтуға және халықаралық энергетикалық аренада сенімді ойыншы ретінде Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.