KAZENERGY қауымдастығының кеңсесінде Төраға Мағзұм Мырзағалиевтің CNPC Орталық Азия және Ресей компанисының Бас директоры лауазымына тағайындалған Чен Хуайлун мырзамен кездесуі өтті.
Алғы сөзінде Чен Хуайлун мырза Қазақстандағы CNPC корпорациясының қызметін қолдағаны үшін алғысын білдіріп, мұнай-газ компанияларының өзекті мәселелерін шешуге елеулі үлес қосатын кәсіби салалық бірлестік ретінде KAZENERGY қауымдастығының маңызды рөлін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар саланың жетілдіруді және дамытуды қажет ететін негізгі аспектілерін талқылады. Мысалы, мұнай мен газды геологиялық барлау, мұнай өңдеу, саланың инфрақұрылымын жаңғырту, барлау мен өндірудің жаңа технологияларын тарту, шетел әріптестері мен инвестицияларын тарту үшін нарықтық тетік құру перспективаларын бірлесіп зерделеу ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көпжылдық тиімді әріптестікті белсенді түрде жалғастыруға, сондай-ақ мемлекеттер экономикасының игілігі үшін ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, кеңейтуге және дамытуға уағдаласты.