5-6 желтоқсанда Ақтөбе қаласында «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы» қоры ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп «Көкжиде» құмды алабының жер асты сулары кен орнында жұмыстар жүргізу мәселелеріне арналған технологиялық сессия өткізді.
Жиында «Көкжиде» жерасты сулары кен орны шегінде келісімшарттық аумақтарда мұнай өндіруді тоқтатуға байланысты қатерлер» тақырыбында баяндама жасаған KAZENERGY қауымдастығының атқарушы директоры Фархат Абытов 2024 жылғы 14 тамызда ҚР Премьер-Министрі О. Бектеновтің төрағалығымен жер асты сулары аймағында орналасқан пайдалы қазбалар кен орындарын қауіпсіз игеру тетіктері талқыланған кеңесте мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті тапсырмалар берілгенін атап өтті.
Сондай-ақ кен орнының аумағында орналасқан ұңғымаларда мұнай өндіруді тоқтату салдарынан туындайтын қатерлерді атап өтті, оның ішінде:
1. Мұнай өндірудің көлемі жылына 650 мың тоннаға азаюы мүмкін;
2. Мұнай өңдеу және ЖЖМ өндіру көлемі азаюы мүмкін;
3. Шикі газ жеткізу азаюы мүмкін;
4. Шамамен 3250 адам жұмыстан босатылуы мүмкін;
5. Бюджетке және Ұлттық қорға түсімдер азаюы мүмкін;
6. Қазақстанның мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығы төмендеуі мүмкін.
«Ауыз судың сапасын сақтау мәселесі ерекше маңызды болып отыр. Өйткені жер асты суларының кен орындары Қазақстанның барлық аумағында орналасқан және оны шешу үшін барлығымыз бірігіп, ішуге жарамды жер асты сулары бар аймақтарда пайдалы қазбаларды қауіпсіз өндіру технологияларын табуымыз қажет», - деп атап өтті Фархат Абытов.