Республикада 37 жылу электр станциясы жұмыс істейді, жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы шамамен 14 000 км, орташа тозуы шамамен 50% құрайды.
Жылумен жабдықтау секторы үшін жеке салалық Заңның болмауы осы саладағы айтарлықтай кемшіліктерге әкелді:
- стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарларының болмауы
- коммуналдық инфрақұрылымның жоғары тозуы
- саланың төмен инвестициялық тартымдылығы
- кәсіпорындардың тиімсіздігі және т.б.
Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі нормативтік құқықтық базаның және техникалық саясаттың жетілдірілмегендігіне байланысты секторда бірқатар мәселелердің, соның ішінде институционалдық проблемалардың болуын ескере отырып, «Жылу энергетикасы туралы» салалық Заң әзірленді және бекітілді.
Заңда бірқатар жаңалықтар мен мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу қарастырылған. Мысалы, атқарушы органдардың орта және ұзақ мерзімді перспективада қалаларды жылумен жабдықтау схемаларын әзірлеу жөніндегі міндеттері туралы норма пайда болды, оның негізінде қалалық орталықтандырылған және автономды жылумен жабдықтау жүйелерін тиімді дамытуға қол жеткізу қажет.
Жылу энергетикасын жоспарлау құралын енгізу саланы аумақтарды дамыту, тұрғын үй құрылысы, индустриялық даму және басқа да факторлармен байланыстыра отырып, оның жоспарлы дамуын қамтамасыз етеді. Жылумен қамтуды дамыту схемаларында бұл мәселенің экономикалық жағы да ескерілетін болады.
Жылу энергиясын беру бөлігінде жылумен жабдықтау саласындағы басқару функцияларын Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне, сондай-ақ Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің функцияларын күшейте отырып, оған орталықтандырылған жылу желілеріндегі бақылау функцияларын беру жоспарлануда.
Жылумен жабдықтауды басқарудың энергетикалық реформасы барлық субъектілердің жылуды өндіру, тасымалдау және тұтыну процесіндегі сенімділікті арттыруға, шығындарды азайтуға және энергия тиімділігін арттыруға, жаңартылатын энергия көздерін енгізуді дамытуды ынталандыруға мүдделілігін қамтамасыз етуі тиіс.
Заңның нормалары тарифтік реттеу қағидаттарын және жылу энергиясына реттелетін тарифтер сәйкес келуі тиіс өлшемдерді, атап айтқанда тарифтік әдістемені жетілдіруді, экономикалық негізделген тарифті қамтамасыз етуді және инвестицияларды тарту мүмкіндігін белгілейді.
Қабылданған салалық заң жылу желілері мен станцияларын қалпына келтіру және жаңғырту, оның ішінде жүйелердегі ысыраптарды азайту бойынша жылумен жабдықтау секторындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.