"2060 жылға қарай Қазақстан Республикасында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы және Жапониямен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері" тақырыбында онлайн вебинар өтті.
Іс-шара Қазақстан мен Жапонияның салалық сарапшылары мен мүдделі тұлғаларын біріктіріп, 2060 жылға дейін ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін қажетті стратегиялық бастамаларды талқылады. Тараптар инновациялық технологиялардың, жасыл энергетикаға инвестициялардың және климаттың өзгеруі мәселесін шешуде және тұрақты дамуға жәрдемдесуде бірлескен күш-жігердің маңызды рөлін атап өтті.
KAZENERGY қауымдастығының Экологиялық реттеу департаментінің директоры - басқарушы директоры Ербұлан Белгібеков Қазақстанның көміртекті бейтараптық стратегиясы аясында инвестициялардың басым бағыттары және Жапониямен ынтымақтастық туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, Жапонияның тәжірибесі мен жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), жасыл технологиялар, АТ-шешімдер, "ақылды" қалалар, энергия тиімділігін арттыру, қалдықтарды басқару, таза көлік және ауыл шаруашылығы сияқты секторлардағы инвестициялар Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қоса алады.
Өз кезегінде Экономикалық зерттеулер институты төрағасының орынбасары Қуаныш Бейсенғазин Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиясына егжей-тегжейлі шолу жасады. Өз презентациясында ол ҚР төмен көміртекті экономикаға көшу үшін іске асыруды жоспарлап отырған негізгі кезеңдері, саясаты мен бастамалары туралы айтып берді.
Ол инновациялық технологияларды енгізудің, энергия тиімділігін арттырудың және ЖЭК инвестициялаудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ қатысушылар Көміртекті бейтараптығы стратегиясының саясатты жүзеге асырудан технологиялық инновацияларға дейінгі әртүрлі аспектілерін талқылады. Жалпы, іс-шара Қазақстан мен Жапония арасындағы түрлі мәселелер бойынша ортақ көзқарасты көрсетіп, болашақ ынтымақтастықтың негізін қалады.