10 қазанда 2028 жылы Астанада WPC Energy 26-шы Конгресін өткізуге дайындық аясында WPC Еnergy Қазақстан ұлттық комитеті KAZENERGY қауымдастығы атынан WPC Energy Президенті Педро Мирастың Астанаға жұмыс сапарын ұйымдастырды. Сапар аясында халықаралық ұйымның басшысы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен кездесу өткізіп, аумағында Конгресс-2028 негізгі іс-шараларын өткізу жоспарланып отырған ЕХРО халықаралық көрме орталығының инфрақұрылымымен танысты.
ҚР Премьер-Министрімен әңгімелесу барысында Астанада WPC Energy 26-шы Конгресін өткізуге дайындықтың ұйымдастырушылық және мазмұнды мәселелері талқыланды. О.Бектенов Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып, әлемдік ауқымдағы негізгі салалық оқиғаны қабылдайтынын атап өтіп, ҚР Үкіметі тарапынан Қазақстанда «энергетикалық Олимпиада» өткізуді қолдайтындығына сендірді.
Бұдан басқа Үкімет басшысы 2028 жылы Астанада WPC Energy Конгресін өткізу елдің саяси және имидждік тартымдылығын арттыратынын, Қазақстанның әлемдік аренадағы позициясын нығайтуға мүмкіндік беретінін, қызмет көрсету, іскерлік туризм және елорда инфрақұрылымын дамытуға мультипликативтік әсер ететінін атап өтті.
Педро Мирас, өз кезегінде, ҚР Премьер-Министрін WPC Energy-ді дамытудың жаңартылған стратегиясымен таныстырды, осы беделді бірлестікте WPC Energy Қазақстан ұлттық комитетінің белсенділігі мен жоғары беделін атап өтті және 2028 жылы Конгрестің табысты ұйымдастырылуына сенім білдірді.
Сонымен қатар бейресми кездесу барысында WPC Energy Вице-президенті Жамболат Сәрсенов пен KAZENERGY қауымдастығының Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев WPC Energy Президенті Педро Мираспен 2026 жылы Сауд Арабиясында өтетін WPC Energy 25-ші Конгресінің мысалында Конгресс ұйымдастырушылары үшін ынтымақтастық мүмкіндіктерін, тәжірибе алмасу мен сабақтастық тетіктерін талқылады.
Сапар қорытындысы бойынша Педро Мирас әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізу үшін Қазақстан елордасының жоғары әлеуетін атап өтіп, ЕХРО халықаралық орталығының инфрақұрылымының 2028 жылы Конгресті өткізу үшін WPC Energy барлық талаптарына сәйкестігін атап өтті.
Анықтама ретінде: WPC Energy Конгресі (2023 жылға дейін – Дүниежүзілік мұнай конгресі ретінде) дәстүрлі түрде мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың басшылары, бейінді министрлер, ірі салалық корпорациялардың бірінші басшылары, әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар мен аналитиктер қатысатын әлемдік ауқымдағы мұнай-газ және энергетика саласының негізгі оқиғаларының бірі болып табылады.
2028 жылы Астанада WPC Energy 26-шы Конгресі өтеді. Конгресті қаржыландыру демеушілік қаражат тарту, делегаттық орындар мен көрме алаңдарын іске асыру есебінен жоспарланып отыр.
